• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

03 Желтоқсан, 23:51:32
+7°

Нұрсұлтан Назарбаев пен Даниал Ахметов/Фотоколлаж

Шығыс Қазақстан облысының бір топ азаматы айналдырған екі аптада үш мәрте өңірдегі даңғыл, спорт кешені мен аудан атына Қазақстанның экс-президенті, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы бастама көтерді. Ол топта өздері айтқандай атақты спортшылар мен еңбек сіңірген қайраткерлер, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, ардагерлер, еріктілер, жастар, кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары жетекшілері, мәслихат депутаттары бар. Үш бастаманың алғашқысына Елбасының өзі тоқтау салса, екінші қарастырылып жатыр. Үшіншісінің барысы қалай болары әзірге белгісіз.

Семейдегі Абай арена спорт кешені

Алғашқы бастамалар туралы ақпарат 17 наурызда шықты. Онда Семейдегі Қарағайлы даңғылын Нұрсұлтан Назарбаев, сол маңдағы спорт кешенін Елбасы Арена деп атау ұсынылғаны айтылған. Бастамашылдар бұл атаусыз көше мен атаусыз спорт кешеніне елдің қалыптасуындағы Назарбаевтың рөлін ескеріп, сондай-ақ тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көтеріліп отырғанын тілге тиек еткен. Ынталы азаматтардың осы жердегі «атаусыз» деген сөзді қолдануы түсініксіз. Өйткені 2019 жылғы 26 наурызда Ақорда сайтында «Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің құрылысымен танысты» деген тақырыппен ақпарат жарияланған. Президент құрылыс барысымен танысқан спорт кешені мен бастамашыл топ «атаусыз» деп отырған кешен – бір нысан. Сонда президент сайты жалған сөйлеп отыр ма, әлде шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты Шығыс Қазақстан облысының бір топ азаматы таратып отыр ма?

Бұл сұрақты жауабын Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қызметкерлерінен сұрағанымызда, сауалымызды жауапсыз қалдырды. Есесіне бастама көтерілгені туралы әлеуметтік желідегі жазбалар мен Қамшы порталындағы ақпараттың төменгі тұсындағы «ұсынысты қолдаймыз» деушілер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады дерсіз. Әлеуметтік желідегі жазбаларға «қолдаймын» деп жазып жатқандардың жеке профиліне кірсең, ондағы көрініс көбісінде айна-қатесіз қайталанады, құдды инкубатордан шыққандай: аккаунттардың ашылғанына көп болмаған, достары аз, суреті бір-екеу ғана, ештеңе жазбайды, жанды адамның парақшасы емес, «бот» парақшаға көбірек ұқсайды.

Қызық мұнымен бітпейді. Қамшы порталындағы «Семейде Н.Назарбаевтың құрметіне спорт кешенін атау ұсынылды» деген ақпаратқа да «қолдаушы» «қауым» көп пікір қалдырыпты. Анығын айтқанда, мақала жарияланар тұста материалда 56 пікір болған. Бірін бірі қайталамайтын түрлі есіммен. Бәрінің айтары оң көзқарас. Бұл не деген бірауыздан шыққан қолдау деп, тексеріп көрсек, жағымды пікірлердің барлығын жазуда бір электрондық пошта пайдаланылған. Демек бір адам отырып алып, әртүрлі есіммен, пікірді жаңбырша жаудырған болып тұр. Бұның жай оқырманға керегі бар ма? Әрине, жоқ. Бұл демек «бастама көтерушілердің» «міне, біздің ұсынысты халық қалай қолдап жатқанын көрдің бе?» дегізу мақсатындағы жасалған әрекеті болып шығады.

Бірақ олардың бұл еңбегі еш болды. Тұңғыш президент ұсынысқа қарсылық танытып, баспасөз хатшысы арқылы бастамашыларға «стадион қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуға тиіс» деп сәлем жолдады. Қызығы, Елбасының өзі стадионның атауы «Абай арена» екенін айтып отыр. Сонда бастамашыл топ спорт кешенінің «атауы жоқ» дегенді қайдан шығарып жүр? Егер экс және қазіргі президенттің сөзі қате болса, түзетсін.

Сөйтсек, бұл бас тарту бастамашылдардың сағын сындыра қоймапты. Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бас болып, қалалық мәслихаттың депутаттары Қарағайлы даңғылына Елбасының атын беру жайлы толғанады. Толғанады да шешім қабылдап жібереді. Енді Қарағайлыдағы даңғылға атау беру туралы соңғы шешімді Республикалық ономастикалық комиссия қабылдайды. Күтейік.

Осымен болған шығар десек, болмапты. Семейлік атқамінерлер «ер кезегі үшке дейін» деп, үшінші мүмкіндігін сынап көрді.

21 наурызда әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы мәслихатының Қайрат Дакеров есімді депутатының ұсынысы тарап жатты. Депутат 1997 жылға дейін шекарада жатқан бұрынғы Тарбағатай ауданының орталығы болған Ақжар ауылына аудан орталығы статусын қайтарып, қазіргі Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылынан Ақжар аймағын бөліп, бұрынғыша екі аудан ретінде қалпына келтіріп, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегін келешек ұрпаққа мәңгілік ету мақсатында ауданға Елбасының атын берсе деген ұсыныс айтты. Айтуын айтып алды да, журналистермен сөйлесуден қашты. Қамшы тілшісі депутатқа қоңырау шалып, ұсынысы туралы тарқатып түсіндіруін сұрағанында, пікір білдіруге үзілді-кесілді қарсы болды. Кейін қоңырауға жауап бермей, жазған хатты оқығанымен, елемеді.

Мәселені түйіндей келе, Даниал Ахметов басшы болып отырған облыс атқамінерлерінің әрекетіндегі бізге түсініксіз нәрселерді тізбектейік.

Бастамашылдар Қ.Тоқаев пен Н.Назарбаев «Абай арена» деп атаған спорт кешенінің неге «аты жоқ» деді? Неге олар бір мәрте қарсы болғанда қоя салмай, қайта-қайта Елбасы атауын берейік деген ұсынысымен өздерін де, Елбасын да сүйкімсіз етеді? Әлде Назарбаевтың абыройы Ахметовтың арнайы командасына қарап қалды ма? Неге Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қызметкерлері журналистер сауалына жауап бермейді? Олар сонда президенттің «еститін мемлекет» қағидатын елемей ме? Неге мәслихат депутаты болып отырған адам айтқан сөзін түсіндіріп бере алмай, қарызды қайтармай жүрген адамдай сөйлесуден басын ала қашады? Түсініксіз...

Төмендегі сауалнамаға қатыса отырыңыз:

Назарбаевқа жағыну Ахметовке не үшін керек болды?

Қамшыгер

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір